Ұлттық холдинг NetworkSchool жобасын жүзеге асыруда.
«Самұрық-Қазына» қоры азаматтары АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне виза алуда шектеулерге тап болған елдерден тартылған мамандарды орналастыру үшін екі қонақүй сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды Курсив.
"Біз NetworkSchool деп аталатын жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Қазақстанда NetworkSchool желілік мектебін ашамыз, әртүрлі елдердің IT мамандары тұруы үшін екі қонақүй сатып аламыз. Біз IQ деңгейі жоғары және паспорты әлсіз мықты IT мамандарын тартуды жоспарлап отырмыз", - деді ол AFD кезінде.
Оның айтуынша, бұл қонақүйлерде соңғы саяси өзгерістерге байланысты қазір азаматтары АҚШ пен Еуроодақ елдеріне виза алу қиынға соғып жатқан елдердің IT мамандары орналасады.
"Бұл инвестор Қазақстанды Дубай сияқты қауіпсіз әрі жайлы юрисдикция ретінде пайдалана алады. Бізде жақсы инфрақұрылым бар. Бірақ Дубайдан айырмашылығы, Астанада жазда онша ыстық емес, ал қыста күрте киюге тура келеді. Бірақ, жалпы алғанда, идея - паспорты әлсіз және IQ деңгейі жақсы басқа елдердің ең үздік IT таланттарын тарту", - деді Нұрлан Жақыпов.
Ұлттық холдинг басшысы инвестордың бұл IT мамандарына IT саласының технологиялық алпауыттарынан жұмыс тауып беріп, үш ағынмен табыс табатынын атап өтті. Біріншісі – тұру және баспана, екіншісі – технологиялық алпауыттардың комиссиясы және үшіншісі – IT стартаптарын құру.
«Бізде осындай стартаптардан пайда алу мүмкіндігі болады, бұл біздің дұрыс даму траекториясында екеніміздің дәлелі», - деді ол.
Нұрлан Жақыпов ұлттық холдинг сатып алуды жоспарлап отырған екі қонақүйдің қанша адамды қабылдай алатынын, сондай-ақ жалпы қанша шетелдік IT мамандары тартылады деп күтілетінін нақтылаған жоқ.



